Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» дегендей, бүгінгі жас дарын - ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті, олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылады. Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейде дарынды балаларды қолдау мақсатында жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылуда. 2023 жылғы 4 мамырда түрлі байқауларда жеңімпаз атанған және талантымен көзге түскен оқушыларды марапаттауға арналған «Жұлдызды сәт» атты кеш өтті. Атаулы іс-шараға мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылар қатысты. Директордың м.а. Касенова Бикеш Жанұзаққызы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақ лебізін білдірді. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, естелікке сыйлықтар, кітаптар сыйға берілді.
8-сынып оқушысы Манайдарова Жанияның анасы Дауренбекова Алма Манайдаровна ата-аналар атынан сөз сөйлеп, мектеп ұжымына алғысын білдіріп, оқушыларға толағай табыс тіледі.
Пәндік олимпиаданың мектепішілік кезеңінде білім олимпиадасының Алауын жағу мәртебесі 11-сынып оқушысы Коспанова Салтанатқа жүктелген болатын. Салтанат пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде жүлделі 2-орын иегері атанып, Алау жағу мәртебесін «Жыл оқушысы» республикалық байқауының жеңімпазы, 10-сынып оқушысы Нурмагамбетова Алинаға табыс етті.
«ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық вокал байқау жеңімпазы, Гран-при иегері, 8-сынып оқушысы Омарова Эльмира көрермендерді тамаша өнерімен қуантты.
Мектебімізді қала, облыс, республика көлемінде танытуда өз үлестерін қосып жүрген білімді де, дарынды, өнерлі де, талантты шәкірттерімізді мақтан етеміз!Ұрпағымыз білімді, келешегіміз кемелді болсын!