Семинардың бірінші бөлімінде мектеп директоры Касенова Бикеш Жанузаковна сөз алып, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы біртұтас тәрбиенің рөлі жөнінде кіріспе сөз жасады. Білім басқармасының тәрбие жұмысы бөлімінің маманы Тұрлыбаева Зәмзагүл Болатқызы сөз сөйледі. Кейін мектеп әкімшілігі мектеп, ата-ана, оқушы үштігін оқыту мен тәрбиелеуде тиімді басқару жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Мектеп ұстаздары қазақ тілі, математика, информатика, биология, бастауыш сыныпта математика пәндерін "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтармен кіріктіре оқыту бойынша сабақ үлгілерін көрсетті. Сонымен қатар, "Мағжантану", "Дебат" үйірмелері жұмысын да осы бағытта қалай тиімді жүргізуге болатыны жайлы шеберлік сыныптарын ұйымдастырды.
Семинар барысында дарынды балалардың жеткен жетістіктерімен қатар оқушылар шығармашылығынан туындаған ұлттық нақыштағы заттардан, бұйымдардан көрме қойылды.
Қатысушылар семинардың жоғарғы деңгейде өткенін атап өтті, ұтымды кері байланыс жасады. Іс-шараның соңы Мағжан Жұмабаев өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-сазды қойылыммен ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен аяқталды.