“Өнерлі өрге жүзер” – деген халық даналығы. Өнер адамның дүниетанымына, сеніміне, адамгершілік – моральдық қасиеттердің қалыптасуына, эстетикалық сезімдерінің тұрақтылығына, алдына қойған мақсатының айқындала түсуіне игілікті әсер етеді. Сол себепті де халық өз ұрпағының өнердің сан – саласынан толық мағлұматы болуын аңсап, бұған қатты көңіл бөлген. Осыған орай мақал – мәтелдер “Жігітке жетпіс өнер де аз”, “Өнер таусылмас азық, жұтылмас байлық” – деп өнерді құдіретті күш, адамның жан серігі, рухани байлығы деп бағалаған. Осындай өнер жолында жүрген құрметті қонағымыз, кәсіпкер, продюсер, "Қазақ аналары– дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, актриса, әнші, «Мерейлі отбасы» республикалық сайысының финалисті, 4 ұлдың анасы, өнегелі әже Жүгінісова Айнұр Серікқызымен ұрпағымызға үлгі берер кездесу өтті. Кездесу барысында Айнұр ханым өзінің өнегелі өмір жолынан көп сыр шертті. Болашақ ұрпақтың тәрбиесінде көңіл бөлетін талай әңгімелермен бөлісті. Бұл кездесуден оқушыларымыз мол рухани байлық алды.